Ақмола облыстық прокуратурасының мәліметтерінше, Зеренді ауданының прокуратурасы мүлікті коммуналдық меншікке уақтылы рәсімдемеу фактілерін анықтады. Сот шешімдері орындалмай, тиісті нысандар ұзақ уақыт бойы мемлекет меншігіне тіркелмей келген.
Атап айтқанда, 200 жер учаскесі мен 96 жылжымайтын мүлік объектісі мемлекеттік жер қорына уақтылы енгізілмеген. Сонымен бірге сот үкімімен тәркіленген мүліктерді тиісінше рәсімдемеу деректері де тіркелді.
Мәселен, Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 8 қаңтардағы үкімімен жеке тұрғын үй мен жер учаскесі мемлекет кірісіне өндірілген еді. Алайда бұл мүлік екі жылдан астам уақыт бойы коммуналдық меншікке рәсімделмей, құқық иеленуші ретінде сотталған адамның әпкесі тіркеліп тұрған.
Аудан прокуратурасының араласуынан кейін аталған заң бұзушылықтар толық жойылды. Нәтижесінде мемлекеттің 200 жер учаскесі мен 96 жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтары қалпына келтіріліп, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осыған дейін Қостанай облысында құны 68 млн теңге болатын 3 мың га жер мемлекетке қайтарылғаны туралы жаздық.