Таңғы жаттығуға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Оған қала тұрғындары мен қонақтары да белсенді атсалысты. Мереке аясында 12 шақырымдық велошеру, 3 шақырымдық жеңіл атлетикалық кросс және скандинавиялық жүріс ұйымдастырылды.
Спорт күніне арналған негізгі салтанатты жиын «Bolashaq saraiy» сарайында өтті.
Мұнда спортшылар, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, сондай-ақ дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандар марапатталды.
Сала өкілдеріне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ведомстволық наградалары мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
-Спорт – денсаулық кепілі. Бұл тек дене шынықтыру ғана емес, адамның толыққанды өмірі мен болашағының кепілі. Бұл Қазақстанның мықты әрі еркін адамдар елі екенін көрсететін үлкен шара. Сондықтан баршаңызды Спорт күнімен құттықтаймын! Елімізде алдағы уақытта да тек жақсы жаңалықтар болсын!- – деді Марат Ахметжанов.
Салтанатты шара барысында Ақмола облысының әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат аясында спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Қосшы қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, Көкшетаудағы футбол стадионын және Инклюзивті спорт орталығын жабдықтау көзделген.
Жиын барысында халықаралық жарыстарға дайындалып жатқан Ақмола облысының спортшыларына да қолдау көрсетілді. 2026 жылы XVIII жазғы Азия ойындары мен V Пара Азия ойындарына қатысу лицензиясын жеңіп алған Аян Бейсенбаев, Арлан Жанабай, Андрей Тютюн, Самира Жумагулова, Адель Жексенбинова, Оразбек Асылқұлов, Батыр Тенизбай, Алинур Қуатұлы, Давид Дегтярев, Еркін Ғаббасов және Амир Муратбековке ақшалай сертификаттар табысталды.
Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің айтуынша, өңірде спортшыларды даярлау мен бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріліп келеді.
-Өңірде әр жастағы және әртүрлі бағыттағы спортшыларды даярлауға жағдай жасалуда. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымы дамып, балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау көрсетілуде. Бұл спорт саласының кадрлық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Спорт күні аясында қыркүйек айында Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан намысын қорғайтын ұлттық спорт түрлерінің өкілдерін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі де ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада Қазақ ұлттық спорт университеті мен Абай Мырзахметов атындағы университеттің білім гранттарына ие болған жас спортшылар да марапатталды.
Спорт күніне арналған іс-шаралар Қосшы қаласында да ұйымдастырылды. Мұнда спортта жоғары нәтижелер көрсетіп, қала спортының дамуына үлес қосқан сала өкілдеріне құрмет көрсетілді. Мерекелік бағдарлама спорттық көрсетілімдер мен концерттік қойылымдарға ұласты.
Осылайша, Спорт күні Ақмола облысында бұқаралық спортты насихаттап қана қоймай, сала мамандары мен спорт ардагерлерінің еңбегін атап өтуге, жас спортшыларды қолдауға және өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту бағыттарын айқындауға мүмкіндік берген ауқымды шаралармен атап өтілді.