Ақмола облысында сталкинг дерегіне қатысты алғашқы қылмыстық іс қозғалды

Фото: Freepik

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында Қылмыстық кодекстің сталкингке қатысты жаңадан енгізілген 115-1-бабы бойынша алғашқы қылмыстық іс тіркелді. Бұрынғы танысының ұзақ уақыт бойы қудалауына шыдамаған әйел полицияға жүгінген.

Полиция департаментінің мәліметінше, Бұланды ауданында сталкинг фактісі алғаш рет ресми түрде тіркелген.

Қазан айында Макинск қаласының 44 жастағы тұрғыны полицияға арыз түсіріп, бірнеше ай бойы бұрынғы танысы өзін мазалап жүргенін айтқан. Әйелдің сөзінше, 38 жастағы ер адам түрлі нөмірлерден телефон шалып, жұмыс орнына, үйіне келіп, қоғамдық орындарда аңдып жүрген. Мұндай әрекеттер оның тыныштығына ғана емес, өміріне қауіп төндіретіндей деңгейге жеткен.

Ведомство мәліметінше, қыркүйек айында учаскелік инспекторлар ер адамға қорғау нұсқамасын берген, ал сот оған жәбірленушіге жақындауға тыйым салған. Алайда ол тыйымға бағынбай, қудалауды жалғастырған. Осыдан кейін әйел ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, полицияға қайта жүгінген.

Полиция департаментінің тергеушісі Бекзат Болпанов Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы (Сталкинг) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Тергеу барысында жәбірленуші мен күдіктіден жауап алынып, жанжал жағдайларын көрген куәгерлер анықталған. Ер адам өзінің әрекетін «қатынасты қалпына келтіру талпынысы» деп түсіндіргенімен, құқыққа қайшы әрекет жасағанын мойындаған.

Кейіннен жәбірленуші қарсы арыз жазып, істі тоқтатуды сұраған. Прокурордың келісімімен тергеу аяқталған.

Полиция өкілдері сталкингтің «сезімнің көрінісі» емес, адамның психологиялық саулығына нұқсан келтіретін және қауіп төндіретін заңсыз әрекет екенін атап өтті. Құқық қорғау органдары азаматтарды кез келген қудалау, аңду немесе мәжбүрлі байланыс әрекеттері байқалса, дереу полицияға жүгінуге шақырды.

Еске салайық, сталкинг үшін жауапкершілік қарастырылған бап Қазақстанның Қылмыстық кодексіне биыл шілде айында енгізілген. Бұған дейін елде аталған бап бойынша екі қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.