Ақмола облысында су тасқыны салдарынан интернетсіз қалған ауыл тұрғындарына азық-түлік жеткізілді

Көкшетаулық полиция қызметкерлері, депутаттар мен еріктілер бүгін су тасқыны салдарынан сыртқы әлеммен байланысы үзілген Қызыл Жұлдыз ауылына азық-түлік жеткізді.

Фото: Омар Шоназаров

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 30 наурыз күні таңғы сағат 5.00-де Қызыл жұлдыз ауылы су тасқыны салдарынан сыртқы әлеммен байланысын үзді. Мұнда 45 адам тұрады.

Оқшауланған тұрғындарға Көкшетау қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Жанат Шәріпов, Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов, облыстық мәслихаттың депутаты Омар Шоназаров барып, көмек көрсетті.

Келгендер өздерімен бірге азық-түлік әкелді, сонымен қатар полиция медициналық көмекке өте мұқтаж, есепте тұрған гипертониялық науқасты ауруханаға жеткізуге көмектесті.

Жол талғамайтын көлік тізгіндеген жергілікті клуб жүргізушілері Қызыл Жұлдызға азық-түлік жеткізуге көмектесті.

— Қазіргі уақытта полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар күндіз-түні мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, облыс жолдарындағы жағдайды қадағалап отырады, - деп толықтырды ведомстводан.