Ақмола облысында су тасқынынан қорғау үшін Жабай өзенінің арнасы кеңейтіліп жатыр

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Атбасар ауданында өзен арнасын тереңдету және кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, бұл еріген сулардың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру туралы аудан әкімі Кенеш Әлімжанов баяндады. Оның айтуынша, «Целингидротех» ЖШС мердігерлік ұйымы ұзындығы 7,2 шақырым учаскеде жұмыс жүргізіп жатыр.

Жоба аясында өзен 5 м-ге дейін тереңдетіліп, ені 120 м-ге дейін кеңейтіледі. Бүгінгі таңда нысанның дайындығы 80%-дан асады, жұмыстарды осы жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.  

– Қазіргі таңда 90-нан астам техника жұмылдырылған: 44 экскаватор, 40-тан астам самосвал және 4 бульдозер. Қолда бар ресурстар жұмысты кестеге сәйкес қатаң түрде жүргізуге, аталған іс-шаралардың барлығы бізге суды тиімді өткізуге және су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, - деп қорытындылады аудан әкімі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысы су тасқынына қаншалықты дайын екенін жазғанбыз.