Ақмола обылысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, топан судан зардап шеккен ақмолалықтарға «Қазақстан халқына» қоры қол ұшын созған. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев Иванковка және Вознесенка ауылдарында бой көтеріп жатқан үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Капитоновка ауылында 15 отбасыға жаңа баспананың кілті табыс етті.
«Бүгін баршамыз қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйдің кілтін табыс еттік. Соңғы 8 жылда Бұланды ауданында Төтенше жағдай жарияланбаған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметкерлер, еріктілер және жергілікті тұрғындар бірлесіп табиғат апатымен күресті. Қазіргі таңда облыс көлемінде де, аудан көлемінде де су тасқынының зардабын жою жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр» - деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Айтуынша, бүгінде 11 отбасы қауіпсіз жерге көшірілген, 112 жанұяның мүлкі қалпына келтірілді. Сонымен қатар 115 отбасыға мүліктік залал үшін өтемақы төленді. Жақын күндері Вознесенка, Иванковка және Журавлевка ауылдарында тағы 100 үйдің құрылысы аяқталады.
Айта кетсек, «Қазақстан халқына» қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін ауданы 80 шаршы метр болатын стандартты үйлердің құрылысы басталған еді. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 5 ауылдың әрқайсысынан жаңа үйлер салу үшін су басуға жатпайтын жерлерден жер телімдері бөлініп, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Облыс әкімдігі мен жергілікті қоғам белсенділері бірлесіп, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын жіті бақылауда.
Жаңа үйлерде тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, үй аумағы абаттандырылып, су, жылу және электр желілері тартылған. Әр үйдің аумағында 10 сотық жер телімі де қарастырылған. Көктемде үйлерін су басқандардың бірі – Гүлнар Қалиулинаның отбасы. Комиссия шешімімен оның үйі тұруға мүлдем жарамсыз деп танылған.
«Менің осы ауылда тұрғаныма 45 жыл. Жыл сайын үйімізге су кіреді, биыл су жылдағыдан көп болды. Содан үйіміз жарамсыз болып қалды. Осындай игі іске қолдау білдіріп отырған Мемлекет басшысына, Үкіметке шынайы алғысымды білдіремін», - деп қуанышымен бөлісті Гүлнар Қалиулина.
Еске салайық, бұдан бұрын Бурабай ауданында 40-қа жуық отбасы баспаналы болғанын жазған едік.