Ақмола облысында сумен жабдықтау желілерін салуға заңсыз активтер есебінен 21,5 млрд теңге бөлінді

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жалғасып жатыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ақмола облысында сумен жабдықтау жүйесін салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 21,5 млрд теңге бөлінді.

Фото: Үкімет

Бүгінде өңірде сумен жабдықтау саласында 28 жоба жүзеге асырылып жатыр. Зеренді ауданында жаңа су құбыры желілерін салуға және қолданыстағы су құбыры желілерін жаңғыртуға 6 млрд 564 млн теңге қарастырылған. Жұмыстар Ақадыр, Жылымды, Қанай би, Көктерек, Садовое, Троицк, Васильковское, Өркен, Өзен және Баратай ауылдарында жүргізіліп жатыр.

Олардың ішіндегі ең ірісі – 1 мыңнан астам адам тұратын Өркен кентіндегі ұзындығы 6 шақырым сумен жабдықтау жүйесі. Жобаның құны – 583 млн теңге.

Фото: Үкімет

Одан бөлек, облыстың 9 ауданында 2 млрд 287 млн теңгеден астам сомаға сумен жабдықтаудың жаңа көздерін салу және қолданыстағы жүйелерді реконструкциялау жүзеге асырылып жатыр. Нысандарды пайдалануға беру осы жылдың соңына жоспарланып отыр.

Фото: Үкімет

Сандықтау ауданында топтық су құбыры салынып жатыр. Жоба бойынша 22,3 шақырым сумен жабдықтау желілерін салу көзделген. Оны жүзеге асыруға арнаулы мемлекеттік қордан 200 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ Нұра топтық су құбырын реконструкциялау және Покровское ауылынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі жобаның жалпы құны – 9,5 млрд теңге.

Фото: Үкімет

Қазір Ақмола облысында қалалық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметі 99%, ал ауылдық елді мекендерде 96,6%.

Бүгінде елімізде қайтарылған активтерге денсаулық сақтау, спорт, сондай-ақ инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту салаларындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, Жетісу облысында заңсыз активтер есебінен жаңа мектеп салынады.