Ақмола облысында су тасқынының алдын алу жобаларына 5,5 млрд теңге бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаражат Қалқұтан өзенінің арнасын тазартуға, Основное бөгеніндегі шлюз-қақпаларды жөндеуге және Иванковская бөгенін реконструкциялауға бағытталған, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

Үкімет Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Ақмола облысында су тасқынының алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына 5,5 млрд теңге бөлді.

Фото: Үкімет
Фото: Үкімет

Аталған үш жобаны 2027 жылғы су тасқыны кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Фото: Үкімет

Атап айтқанда:

— Астрахан ауданындағы Қалқұтан өзенінің арнасын тереңдету, тазарту және түбін нығайту жұмыстарына 4,4 млрд теңге бөлінді. Өзеннің жалпы ұзындығы 20,8 шақырым болатын үш учаскесі тазартылып, Ескі Қалқұтан және Қалқұтан ауылдарында екі топырақ бөгеті салынады.

Фото: Үкімет

— 793,7 млн теңге — Шортанды ауданындағы Основное бөгенінің шлюз-қақпаларын жөндеуге бағытталды. Жоба аясында тасқын суды өткізуге арналған су ағызу арнасы салынып, Жолболды өзені арнасындағы топырақ бөгеті таспен нығайтылады.

Фото: Үкімет

— Бұланды ауданындағы Иванковская бөгенін реконструкциялау жұмыстарына 314,1 млн теңге қарастырылған. Жоба бойынша ұзындығы 49 метр болатын су ағызу құрылысы мен алты су қабылдау камерасы толық қалпына келтіріледі. Бұл қарғын су ағынын сенімді әрі дәл бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Фото: Үкімет

— Гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және өзен арналарын тазарту су тасқыны қаупін азайтуға, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды су басудан қорғауға, 9 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін және көлік қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ су сапасы жақсартып, өңірдің су жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Фото: Үкімет

Жалпы, өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылы Ақмола облысының Аршалы ауданында қорғаныс бөгеті салынып, 15 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Фото: Үкімет

Бұланды ауданының Макинск қаласында шлюздері бар бөгет пен бетон науалар салу орманды-дала аймағынан келетін қарғын суды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік берді.

Фото: Үкімет

Сондай-ақ Астрахан ауданында Қалқұтан өзенінің 4,7 шақырымдық арнасы тазартылып, тереңдетілді. Нәтижесінде елді мекендерді су басу қаупі жойылды.

Фото: Үкімет

Осыған дейін елімізде қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға 122 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін жазғанбыз.