Ақмола облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 100-ден астам ағаш екті

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Зеренді ауылында 250-ден астам адамды біріктірген «Туған елдің тазалығы – елдің абыройы» атты ауқымды экологиялық іс-шара өтті.

Фото: Зеренді ауданы әкімдігі

Іс-шара Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде өткізіліп, экологиялық ахуалды жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға бағытталды.

Акцияға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, еріктілер мен ауылдың белсенді тұрғындары қатысты. Восточная көшесі бойында өткен жұмыстар барысында 100-ден астам ағаш көшеттері отырғызылып, аумақ санитарлық тазартудан өткізіліп, ғимараттардың қасбеттері әктелді.

Фото: Зеренді ауданы әкімдігі

— «Таза Қазақстан» — бұл жай ғана экологиялық акция емес. Бұл — туған жерге деген жанашырлық пен келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Тазалық әр адамнан басталады: таза аула, таза көше, таза ауыл — баршамызға ортақ міндет, — деп атап өтті Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин.

Сонымен қатар бастамаға қоғам белсенділері мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері де қосылып, абаттандыру жұмыстарына жүйелі көзқарастың маңызын атап өтті.

Фото: Зеренді ауданы әкімдігі

— Табиғатқа жанашырлықпен қарау — жасына қарамастан барлығымызды біріктіретін ортақ парыз. Осындай бастамалар жастардың бойында еңбекке деген сүйіспеншілікті, қоршаған ортаға және туған жерге құрметті қалыптастырады. Ауыл мен елдің болашағына деген жауапкершілік дәл осындай игі істерден басталады, — деді Зеренді аудандық билер кеңесінің төрағасы Серік Баймурзин.

Фото: Зеренді ауданы әкімдігі

Өңірдегі экологиялық шаралардың оң қарқыны ақпараттық қолдаумен және блогерлердің белсенді қатысуымен нығайтылып келеді.

Зеренді ауданындағы абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға тұрғындардың барған сайын көбірек тартылуы көзделуде.