Ақмола облысында тұрғын үй кезегінде 9 қайтыс болған және жылжымайтын мүлкі бар адамдар тұрған

АСТАНА. KAZINFORM - Степногорск қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жүргізілген талдау барысында 9 қайтыс болған адам және қаладан көшіп кеткен 14 тұрғын анықталып, кезектен шығарылды, деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.

Фото: pexels

Степногорск қаласының прокуратурасы халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша тұрғын үй есебіне талдау жүргізді.

Кезекте 1 095 азаматтың тұрғанына қарамастан, талдау барысында 2023 жылдан бастап кезекте тұрған 9 қайтыс болған адам анықталды. Сонымен қатар қаладан көшіп кеткен және тұрғын үй есебінде одан әрі болу негіздерінен айырылған 14 тұлға белгілі болды.

Бұдан бөлек, меншігінде жылжымайтын мүлкі бар тұлғалардың тұрғын үй кезегінде тұрғаны анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде аталған тұлғалар кезекте тұрғандар тізімінен шығарылды.

Сондай-ақ прокуратура тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың едәуір санына қарамастан, ұзақ уақыт бойы нақты бос тұрған босатылған тұрғын үй-жайдың пайдаланылмау фактісін анықтады.

Прокурорлық араласу нәтижесінде пәтер кезекте тұрғандар арасында одан әрі бөлу үшін берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша кінәлі лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Осыған дейін Риддерде үш жетім бала тұрғын үй кезегінен шығарылғаны туралы жаздық.