Ақмола облысында тұрғынның бір қора малын ұрлаған күдікті қолға түсті

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы Ерейментау ауданының бір ауылында белгісіз адамдар 24 құлынды ұрлап кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.

Өтініш берушінің айтуынша, мал жайылымда болғандықтан, олардың жоғалғанын бірнеше күннен кейін ғана байқаған.

Құлындардың жоғалғанын түсінген ауыл тұрғыны дереу полицияға хабарлады.

Құқық қорғау органдары қылмыстық іс тіркеп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Ықтимал куәгерлерден жауап алынып, жақын маңдағы жайылымдар, фермерлік қожалықтар мен малды өткізу орындары тексерілді, сондай-ақ ет сатып алушының жеке басы анықталды.

— Іздестіру барысында 49 жастағы күдікті ұсталып, тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып, күдіктінің басқа ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ұрланған малдың бір бөлігі табылып, заңды иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасады, — делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары тұрғындарға малын мұқият бақылауда ұстауды және жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарлауды ескертеді.

Бұдан бұрын Жетісуда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталғанын жазғанбыз.