2026 жылдың қорытындысы бойынша туристік локацияларға 35,4 шақырым су құбыры және су бұру желілерін тарту, 9,5 шақырым сыртқы жарықтандыру желілерін салу, сондай-ақ 35 шақырым автомобиль жолын жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. Осы мақсаттарға шамамен 3 млрд теңге қарастырылған.
Щучье қаласында 13,4 шақырым магистральдық су құбыры және 12 шақырым кәріз желісі салынды. Сонымен қатар Қатаркөл көлінің маңындағы балалар сауықтыру орталықтарына дейін 10 шақырым су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымын жақсарту аясында Көкшетау — Зеренді бағытында 21 шақырым, Көкшетау — Молодежное бағытында 12 шақырым және Щучье — Николаевка жолында 1 шақырым жол жөнделіп, салынды. Бұдан бөлек, Бурабай кентіндегі Әлімусин көшесінің 950 метр учаскесінде жұмыстар жүргізілді.
Курорттық аймақтың көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында Щучье қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту аяқталды. Сонымен қатар курорттық аймақ бойынша тұрақты автобус қатынасы іске қосылды. Бұл бағытта жергілікті бюджет есебінен сыйымдылығы 20-дан 45 орынға дейінгі 8 жаңа автобус сатып алынған.
— Туристік инфрақұрылымды дамыту — өңірдің тартымдылығын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін туристердің демалыс орындарына қолайлы әрі қауіпсіз жетуі, инженерлік желілердің сапасы және заманауи қызмет көрсету мүмкіндіктері маңызды. Сондықтан инфрақұрылымдық жобалармен қатар жаңа туристік нысандарды дамытуға да басымдық беріп отырмыз, — деді Андрей Подгурский.
Туризмді жыл бойы дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі — Бурабайдағы көпфункционалды Конгресс-орталықтың құрылысы. Нысанның құрылысы 7 қарашада басталды. Жобаға Инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен 19,8 млрд теңге қаржыландыру мақұлданған.
Конгресс-орталық халықаралық және іскерлік іс-шараларды өткізуге арналған заманауи алаңға айналмақ. Бұл MICE-туризмді дамытуға, курорттағы маусымдық тәуелділікті азайтуға және шағын әрі орта бизнестің дамуына серпін береді.
Щучье қаласында қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының үшінші кезеңінің құрылысы да басталды. Жоба аясында төрт оқу-жаттығу трамплині, 3 мыңға жуық көрерменге арналған жабық мұз аренасы, 300 оқушыға арналған мамандандырылған мектеп-интернат және жаттықтырушыларға арналған тұрғын корпус салу көзделген. Бұл нысандар ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қоғамдық демалыс орындарын дамыту бағытында да нәтижелер бар. Щучье қаласындағы 32 гектар аумақты алып жатқан дендрологиялық паркті қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Жоба аясында 1,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, 141 жарықтандыру шамы орнатылды. Сонымен қатар қалада «Умай» экопаркі ашылды.
2026 жылы облыста жалпы үш экопарк құрылды. Олардың қатарында Ақкөл ауданындағы Wyndham Residence Aqkol қонақүйі жанындағы 60 гектарлық экопарк, Зеренді ауданындағы 32,3 гектарлық «Зеренда» экопаркі және Целиноград ауданындағы 8,9 гектарлық «Dara» экопаркі бар. 2028 жылдың соңына дейін тағы төрт экопарк ашу жоспарланған.
Бурабай ұлттық паркінде Болектау тауын абаттандыру жұмыстары аясында қауіпсіз баспалдақтары, қоршаулары мен панорамалық көрініс алаңдары бар заманауи экосоқпақ салынды. Сондай-ақ курорттың тарихи-мәдени мұрасын таныту мақсатында «Абакай» атты жаңа туристік маршрут әзірленді. Ол болашақта «Абакай — Ораз Бұлақ — Ханның Қызыл ағашы» бағыты бойынша тарихи туристік бағыттың алғашқы нүктесіне айналады.
Жалпы, аталған жобалар Ақмола облысының туристік әлеуетін кеңейтіп, өңірді демалыс, іскерлік және спорттық туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған.