Ақмола облысында заңсыз жұмыс істеп жүрген 440 такси жүргізушісі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Заңсыз жүрген барлық жүргізушілер әкімшілік жауапқа тартылды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, өңірде арнайы рұқсат құжаттарынсыз адам тасымалдау жағдайлары жиілеп барады.
Мысалы, биылғы жылдың 21 тамызында «Астана — Петропавл» автожолының 243-шақырымында патрульдік полиция қызметкерлері тиісті рұқсат құжаттары жоқ жүргізушінің коммерциялық тасымалмен айналысып жүргенін анықтады.
— Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ер адамның жолаушыларды тасымалдауға лицензиясы мен қажетті рұқсаттары болмаса да, әр жолаушыдан 6 мың теңгеден алғаны анықталды. Мұндай әрекеттер тек заңбұзушылық қана емес, сонымен қатар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Мұндай жүргізушілер көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен қауіпсіздік талаптарын елемейді, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жыл басынан бері Ақмола облысында жеке тасымалдаушылардың заңсыз қызметіне қатысты 440 жағдай тіркелген. Олардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылды.
Полиция қызметкерлері жолаушыларға, әсіресе қалааралық тасымал кезінде, жолға шықпас бұрын жүргізушінің лицензиясының бар-жоғын міндетті түрде тексеруге және ақша үнемдеймін деп өз бастарын қатерге тікпеуге кеңес берді.
Осыған дейін Ақмола облысында жол апатынан екі адам мерт болып, төртеуі жарақат алғаны туралы жаздық.