Ақмола облысында зергерлік дүкенді тонаған қылмыстық топ мүшелері сотталды
Ақмола облысының Астрахан ауданында зергерлік дүкенді тонаған бес ер адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыссыз жүрген бес адам бірігіп, зергерлік дүкеннен 12 млн теңгенің бұйымдарын және кассадан 70 мың теңгенің ақшасын қолды қылған (ҚК 188-бабы 3-тармағының 4-бөлігі).
Істі қарау барысында сотталушылар прокурормен кінәсін мойындау туралы мәміле нысанында іс жүргізу келісімін жасасты.
Сотталушыларға жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін жағдайларды яғни, іс-әрекетке шын жүректен өкіну және асырауында жас балалардың болуын ескерді. Жазаны ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Дүкен иесіне келтірілген залалды кінәлілер толығымен өтеді, сондықтан жәбірленуші оларды қатаң жазаламауды өтінді.
- Сот үкімімен төрт сотталушы шартты түрде әрқайсысы 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, пробациялық бақылау белгіленді. Ал, біреуіне бұрынғы өтелмеген соттылығы және ол бойынша өтелмеген жазаның ішінара қосылуы ескеріле отырып, 5 жыл 6 ай нақты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деді Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында бюджет қаржысын жымқырған сыбайластар сотталғанын жазған едік.