Ақмола облысында жыл басынан бері 30-дан астам жұмысшы өндірістік жарақат алған

Фото:ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

КӨКШЕТАУ.  KAZINFORM — Ақмола облысындағы еңбек инспекциясы өңірдегі өндірістік жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін атады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

2025 жылдың 1 тамызына дейінгі деректерге сәйкес, Ақмола облысында жыл басынан бері өндірісте 24 жазатайым оқиға тіркелген, оның ішінде 3 топтық жағдай болған. Жалпы 31 адам зардап шекті, олардың үшеуі қаза тапты.

— Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеу жүргізіліп, актілер толтырылды, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың кінә үлесі анықталды. Барлық материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданды, — деді Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев.

Оның айтуынша, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері мыналар:

• зардап шеккендердің абайсыздығы,
• еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы,
• өндірістің дұрыс ұйымдастырылмауы,
• қауіпсіз еңбек тәсілдеріне жеткіліксіз үйрету,
• жол қозғалысы ережелерін бұзу,
• жеке қорғаныс құралдарының болмауы немесе оларды пайдаланбау.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта облыстағы 222 кәсіпорында халықаралық және ұлттық еңбекті қорғау стандарттары енгізілген, ал 912 мекемеде өндірістік кеңестер жұмыс істейді. Бұл кеңестерде 1 020 техникалық инспектор еңбек етіп жүр. 

Бұған дейін өндірістік жарақат алған жағдайда не істеу керектігі жайлы хабарланған болатын.

Ал Қазақстанда соңғы 5 жылда өндірістік жарақаттану деңгейі 6,3 пайызға төмендеді.