Ақмола облысында жоғалған бір үйір жылқы табылды

Фото: gov.kz

Ақмола облысында далада тебінен жоғалған бір үйір жылқы табылып, иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды Kazinform.  

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 желтоқсанда Сандықтау ауданы Жыланды ауылының бірнеше тұрғыны жылқылары жоғалғанын айтып полициядан көмек сұраған.

«Бастапқы да тұрғындар өздері іздеп көрді, алайда одан еш нәтиже шықпаған соң полициядан көмек сұрады. Мал иелерінің сөзінше, 103 жылқы далада тебінде жүрген, желтоқсанның 5-і күндері жоғалып кеткен. Шығын көлемі шамамен 30 млн теңгеге бағаланды. Жоғалған жылқыны іздеу үшін криминалдық және жергілікті полиция қызметкерлері, бірнеше автокөлік пен дрон тартылды. Нәтижесіне жоғалған жылқылар ауылдан 30 шақырым қашықтықта жайылып жүрген жерінен табылды», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жүк пойызы жайылып жүрген 7 жылқыны қағып кеткен еді.