Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 3 қыркүйекте Астана — Қарағанды автожолының 51-шақырымында, Шөптікөл ауылының маңында «Газель» және «Mercedes-Benz Sprinter» көліктері соқтығысқан.
— Жол апатынан «Газель» көлігінің жүргізушісі мен бір жолаушы әртүрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Кейін жолаушы алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды, — делінген ведомство хабарламасында.
Осы факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жүргізушілерді, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде, белгіленген жылдамдық режимін сақтауға және көліктің техникалық жағдайын бақылауға шақырды.
Бұған дейін Ақтөбеде жол апатынан алты адам опат болғанын жазған едік.