Ақмола облысында жүргізуші экскаватормен бірге суға батып кетті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Полиция оқиғаға қатысты тергеу жүргізілгеннен кейін ғана процессуалдық шешім қабылданатынын айтты.
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше, яғни 20 ақпан күні сағат 12:40 шамасында Ақмола облысының Целиноград аудандық полиция бөліміне Қабанбай батыр ауылының маңында оқыс оқиға болғаны туралы хабарлама келіп түскен.
— Алдын ала мәлімет бойынша экскаватор саз карьеріндегі тоғанға батып кетті. Кабинада 1996 жылы туған жүргізуші болған. Қазір оқиға орнында полиция мен төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп, тоғаннан техниканы шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталуда, — деп хабарлады ведомстводан.
Полицейлер тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатынын түсіндірді. Қосымша ақпарат оқиға егжейлі-тегжейлі тексерілгеннен кейін беріледі.
Бұдан бұрын Омбы–Майқапшағай трассасында жол апатынан 4 адамның көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.