Ақмола облысында жүргізушіні өзінің жүк көлігі басып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Көкшетауда техника қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан 34 жастағы жүргізушіні өз жүк көлігі басып кетті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 28 шілде күні таңғы сағат 05:00 шамасында Көкшетау қаласындағы жанармай құю бекеттерінің бірінде болған.
— 1991 жылы туған Shacman көлігінің жүргізушісі жанармай құйып болған соң, көлікті тоқтатып, оның астына түскен. Сол сәтте көлік кенеттен қозғалып кетіп, ер адамды басып кеткен. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, — деп хабарлады ведомстводан.
Аталған факті бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторы тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
— Полиция департаменті мен еңбек қауіпсіздігі мамандары кез келген техникамен жұмыс істеу барысында қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салады. Көлік толықтай бекітіліп, жұмысшылар осындай жағдайларда не істеу керектігі бойынша тиісті білім алуы тиіс. Техника қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау — адам өмірінің кепілі, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматыда жүк көлігі 7 жасар қызды басып кеткенін жазғанбыз.