Ақмола облысында жүріп бара жатқан пойыздың алдынан көлік шыға келген
АСТАНА. KAZINFORM — Жүк пойызы автокөліктің кенет шығуына қарамастан қауіпсіз тоқтады, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
Оқыс оқиға 6 желтоқсан сағат 18:02–де Ақмола облысының Шортанды станциясында болған. 55 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан жүк пойызының алдынан кенеттен автокөлік шыққан.
Автокөлік күзетілетін және реттелетін теміржол өткелінде бағдаршамның тыйым салу сигналына және түсірілген шлагбаумға қарамастан шығып кеткен. Салдарынан пойыз машинисі шұғыл тежеуді қолданды. Локомотив бригадасының уақтылы әрекеттері арқасында жол-көлік оқиғасының алдын алуға мүмкіндік туды.
— Көлік жүргізушісі оқиға орнынан ізін суытты. Пойыз станциядан 10 минуттық кідіріспен жолға шықты. Автоматты көшпелі дабыл штаттық режимде жұмыс істейді, өткел жарығы бар. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ақпарат әрі қарайқұқық қорғау органдарына жіберілді, — делінген компания хабарламасында.
Бұдан бұрын Ақмола облысында пойыз вагондары рельстен шығып кеткені белгілі болды.