Ақмола облысындағы ұлттық парк аумағында өрт шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі уақытта «Көкшетау» ұлттық паркінде орман өрті сөндірілді, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

2026 жылғы 17 маусымда сағат 15:59–де «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Арықбалық филиалы аумағындағы Торғай орманшылығында орман өртенді.

— Өрттің жалпы аумағы 11,58 гектарды құрады. Оның ішінде 0,38 гектары орманмен көмкерілген жер болса, 11,2 гектары ормансыз (жайылымға) тиесілі. Өртті сөндіру жұмыстарына 24 адам мен 8 техника жұмылдырылды, — делінген хабарламада.

«Көкшетау» ұлттық паркі ормандар мен табиғи аумақтарда өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Тіпті болмашы ұқыпсыздықтың өзі табиғатқа орасан зор зиян келтіруі мүмкін. 

Бұған дейін ШҚО-да өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 150-ден астам адам жауапқа тартылғаны белгілі болды.