Ақмола облысының 214 мың адамы Астанада жұмыс істеп жүр – өңір әкімі

214 мың тұрғын күндіз Астанада жұмыс істеп, түнде Ақмола облысының аумағында түнеп жүр. Аймақ әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай дерек келтірді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Кезінде шағын елді мекен болған ауылдарда қазір халық саны аудандарға тетелес болып кетті. Тіпті асып кеткен ауылдар бар. Мысалы, Қоянды ауылында 40 мың, Жібек жолында 30 мыңнан астам, Қараөткел мен Талапкерде де 30 мыңнан астам адам тұрады. Қосшыдан ресми санақ бойынша 52 мың адам, шынында 100 мыңнан астам адам тұратынын айттым», - деді ол.

Әкімнің мәліметі бойынша, облыстан Астанаға барып жұмыс істейтін халықтың санын анықтау үшін бір ай бойы зерттеу жүргізілген екен.

«Бір айдың ішінде үлкен талдау жүргіздік. Телефон нөмірлері арқылы санақ жүргізген кезде анықтадық. Ақмола облысының 214 мың тұрғыны күндіз Астана қаласында жүрсе, түнде Ақмола облысында түнейді екен. Әрине, оны тоқтату үшін біраз дүние қарастырып жатырмыз. Ең бастысы, агломерация туралы заңды пайдаланып, Үкімет қаулысын дайындап жатырмыз. Сол Қаулыда Астанаға іргелес елді мекендерді газбен, жылумен, сумен, жарықпен қамтамасыз ететін жобалар бар. Қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, жақсы мектеп пен аурухана, жақсы мәдениет орталықтарын, жақсы спорт нысандарын салу керек. Қосшы қаласында ол жұмыс басталды. Былтыр жеке меншік инвестиция арқылы құны 7,5 млрд теңге болатын заманауи талапқа сай мектеп салынды. Ондай мектеп Қазақстанда жоқ деуге де болады. Енді тағы жеке инвестиция есебінен үлкен мәдени, спорт және қоғамдық орталық салынып жатыр. Оның құны 9,5 млрд теңге. Құрылысы басталып кетті, 14 айда салынып біту керек. Жеке инвестиция есебінен күніне 1200 адам қабылдайтын емхана салынады», - деді өңір басшысы.