Ақмола облысының бір ауданында су тасқынының беті қайта бастады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Ақмола облысында су тасқыны зардабын азайту үшін облыстық маңызы бар жолды ашып, суды ағызуға тура келді.
Осылайша Макинск қаласына келген мол су қауіпсіз жаққа ағызылды.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Бұланды ауданында су тасқынының беті қайтты, алайда оның салдарымен күрес тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
— Макинск қаласында жедел штаб құрылды, оған Көкшетау, Атбасар, Астана және Қарағанды облыстарынан ТЖМ қызметкерлері мен техникасы тартылды. Көмекке келгендер қаптарды құммен толтырып, су жолына төседі. Сондай-ақ арнайы техникамен су сорғызу жұмысы жүргізіліп жатыр. Аудан орталығын келген тасқын судан сақтау үшін облыстық маңызы бар автожол бұзылып, су жолы жасалды, — дейді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Макинскіден басқа бірнеше елді мекенде — Капитоновка, Журавлевка, Новобратское, Иванковка, Новоникольское, Караоз, Пушкино және Купчановка елді мекендерінде де құтқару жұмыстары жүргізілді. Бұл ауылдарға алдын ала азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді.
Су тасқыны кезінде ауданда барлығы 3 млн текше метрден астам су сорылып, 25 мыңға жуық құм салынған қап және 4,5 мың тоннаға жуық инертті материал төселді.
— Қазіргі уақытта транзиттік режимде тасқын су өткізіліп жатыр, алдын алу іс-шаралары жалғасады, — дейді құтқарушылар.
Бұған дейін Ақмоланың Старый Колутон ауылында көлік қатынасы үзілгенін жазған едік.