Осылайша Макинск қаласына келген мол су қауіпсіз жаққа ағызылды.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Бұланды ауданында су тасқынының беті қайтты, алайда оның салдарымен күрес тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
— Макинск қаласында жедел штаб құрылды, оған Көкшетау, Атбасар, Астана және Қарағанды облыстарынан ТЖМ қызметкерлері мен техникасы тартылды. Көмекке келгендер қаптарды құммен толтырып, су жолына төседі. Сондай-ақ арнайы техникамен су сорғызу жұмысы жүргізіліп жатыр. Аудан орталығын келген тасқын судан сақтау үшін облыстық маңызы бар автожол бұзылып, су жолы жасалды, — дейді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Макинскіден басқа бірнеше елді мекенде — Капитоновка, Журавлевка, Новобратское, Иванковка, Новоникольское, Караоз, Пушкино және Купчановка елді мекендерінде де құтқару жұмыстары жүргізілді. Бұл ауылдарға алдын ала азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді.
Су тасқыны кезінде ауданда барлығы 3 млн текше метрден астам су сорылып, 25 мыңға жуық құм салынған қап және 4,5 мың тоннаға жуық инертті материал төселді.
— Қазіргі уақытта транзиттік режимде тасқын су өткізіліп жатыр, алдын алу іс-шаралары жалғасады, — дейді құтқарушылар.
Бұған дейін Ақмоланың Старый Колутон ауылында көлік қатынасы үзілгенін жазған едік.