Ақмола облысының бір ауылында екі бірдей жайлы мектеп ашылды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Білім күні Целиноград ауданының Талапкер ауылында екі жайлы мектеп ашылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылған білім ошақтарының бірі мектеп-гимназиясы болса, екіншісі IT-лицейі. Жаңа оқу жылында барлығы 1 800-ге жуық оқушыны 100-ден астам педагог сапалы білім нәрімен суындататын болады.
Білім ошақтары 3 қабатты, сынып бөлмелерінің барлығы заманауи жабдықтармен жабдықталған. Сапалы білім беру үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Интерактивті тақталары бар пәндік сынаптардан бөлек, шеберханалар мен зертханалар да бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған.
Білім ошақтарының ашылуына және алғашқы қоңырау шарасына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Елордаға іргелес жатқан Целиноград ауданында халықтың көші-қонына және демографиялық өсуіне байланысты ұзақ уақыт бойы оқушы орындарының тапшылығы байқалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Жайлы мектеп» жобасы мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешеді, оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы жағдай жасайды және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтады», - деді облыс әкімі.
Мектептердің салтанатты ашылу шарасына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те қатысып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
«Қазір білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Біздің ауылда жаңа мектептер салынып жатқанына куә болдық. Оқу бір ауысымда болады, ал түскі астан кейін балалар үйірмелер мен спорт секцияларына қатыса алады», - деді мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрағасы Құттыбай Байғабылов.
Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа оқу жылында өңірде 3 мектеп пайдалануға берілді. Оның екеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Талапкер ауылында салынған мектеп-гимназиясы мен IT-лицейі болса, тағы біреуі Қосшы қаласындағы 1 200 орындық жаңа мектеп.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тағы 11 білім беру мекемесінің есігін айқара ашатыны жоспарланған, оның жетеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр.
Жалпы, өңірде 528 мектеп бар. Онда 150 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 13 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын атап отыр.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 462 мектепте қауіпсіздік сабағы өткенін жазған едік.