Ақмола облысының фермерлері дизель отынының сапасына шағымданды

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмолалық шенеуніктер фермерлердің дизель отынының сапасына қатысты шағымдарына жауап берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Шенеуніктердің айтуынша, дизель отынының қатуы қыркүйек айының соңында ауа райының күрт суытуынан болған. Дегенмен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы алдағы күндері ауа райының жылынуына үміт артып отыр.

Қостанай облысындағы фермерлерден кейін Ақмола облысының диқандары да егін жинау науқанына бөлінген дизель отынының сапасына шағымданды. Айтуларынша, отын солтүстік өңірлерде жұмыс істеуге жарамсыз болып шыққан. Температура аздап төмендегеннің өзінде дизель парафинге айналып, техниканың жүрісін тежейді.

Қалыптасқан жағдайға қатысты Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы пікір білдірді.

— Кенеттен болған суыққа байланысты арзандатылған дизель отынының сапасына қатысты алаңдаушылықты түсінеміз. Расында да, қыркүйек айының соңындағы мұндай күрт минус температура — өте сирек әрі аномальды құбылыс. Әдетте, Ақмола облысында тұрақты үсік қазан айының соңына қарай басталады, ол кезде фермерлер егін жинау науқаны аяқтап үлгереді. Қазіргі таңда облыс фермерлері егіс алқаптарының шамамен 80 пайызын жинап үлгерді. Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы күндері ауа райы жылынады деп күтіліп отыр. Бұл жағдай дала жұмыстарын аяқтау үшін қолайлы болады және келесі 2–3 апта ішінде егін жинау толық аяқталады, — деп хабарлады ведомстводан.

Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов күзгі дала жұмыстарына дайындық шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді.