Ақмола облысының тұрғындары Мысырға жолдама сатып алып, 15 млн теңгеден айырылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысының 5 тұрғыны полицияға келіп, шетелде демалуға жолдама сатып алған туроператорға шағымданды.

Фото: Ұлттық статистика комитеті

Ақмола облысы полиция департаменті туристік агенттіктің қызметімен байланысты алаяқтық істі анықтады. Туроператордың айласына бірнеше облыс тұрғыны түсіп, шығын шамамен 15 млн теңге болды.

— 2025 жылдың наурызында полицияға 52 жастағы жергілікті тұрғын шағымданды. Ер адам 2025 жылдың қаңтарында белгісіз бір қыз оның 7 миллион теңгеге жуық ақшасын алдау арқылы иемденгенін хабарлады. Полиция тексергендей, зардап шеккен азамат туристік агенттік арқылы Мысырға жолдама алған. Шетелге ұшамын дегенше, байланыс тұрақты болғандықтан, олардың турагенттікке еш күдігі болмаған. Алайда қонақүйге келгенде туристерге бөлмелердің брондалмағаны хабарланған, — делінген ақпаратта.

Туристік агенттікпен байланыс орнатқан соң, демалушылар «техникалық қате» туралы түсініктеме алған. Әйел қосымша төлем жасауды сұрап, кейін ақшаны қайтаратынына уәде берген. Елге оралғаннан кейін уәде етілген қаражатты зардап шеккендер ала алмады.

Кейінгі уақытта полицияға тағы төрт азаматтан ұқсас өтініштер түскен. Жалпы шығын шамамен 15 млн теңгені құрады.

— Алаяқтық фактісі бойынша сот алдындағы тергеу басталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмыстық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол 41 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта оған үйқамақ түріндегі қамау шарасы қолданылған, — деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдары азаматтарды туристік жолдамаларды сатып алу кезінде абай болуға және тек сенімді әрі ресми тіркелген туристік агенттіктердің қызметіне жүгінуге шақырды.

Бұған дейін СҚО-да интернет алаяқтардың жаңа тәсілінен 13 адам зардап шеккені туралы жазған болатынбыз.