Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пара алды деген күдікпен Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен оның орынбасары ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаменті облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, оның орынбасары, сондай-ақ, осы басқарманың егіншілік және астық нарығын реттеу бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде», - деді Агенттікте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.

Оның айтуынша, ұсталғандар ЖШС өкілінен ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша субсидия алу жөніндегі өтінішін қанағаттандырып беруге және жалпы қамқорлық үшін қоғамдық қауымдастықтың есепшотына аудару арқылы жалпы сомасы 3 млн теңге көлемінде жүйелі негізде пара алуда күдікті деп танылған.

Аталған іс бойынша тергеу жалғасуда.