Ақмола облыстық депутаттар форумында өңірдің әлеуметтік үрдісі сарапталды
15:26, 29 Қаңтар 2009
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін Көкшетауда «Достар» мәдениет үйінде өткен «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы мәслихаттар депутаттары фракциясының Ақмола облыстық форумында өңірдің әлеуметтік ахуалы сарапталып, алдағы міндеттер әңгіме арқауына айналды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық филиал төрағасы, облыс әкімі Альберт Рау өз баяндамасында 2008 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын тілге тие етіп, жүзеге асырылған игілікті жұмыстарды сараптап, әлі де шешімін күткен түйткілдерді тілге тиек етті. Жыл ішінде 270 мың шаршы метр баспана іске қосылып, 138 миллиард теңге инвестиция игерілген. Азық-түлік қауіпсіздігі жолында жалпы сомасы 16 миллиард теңгеге тең 59 жоба қолға алынып, басым бөлігі шешімін тапқан. Бүгінде орташа айлық табыс 41 мың теңгені құрап, 9 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Сапалы су бағдарламасына 3 миллиард теңгеден астам қаржы жаратылды. Алдағы уақытта ол 4 миллиард теңгеге жеткізіліп, білім беру ісіне 27 миллиард теңге жұмсалатын болады. Бүгінде әр деңгейдегі 265 депутаттың 95 пайызы нұротандықтар болып табылады. Әлемдік қаржы дағдарысына орай басым бағыттар айқындалып, оның өміршеңдігі жолында нақтылы жұмыстар қолға алынған. Форумға қатысқан «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясының хатшысы Ерлан Қарин еліміздегі әлеуметтік ахуалды тілге тиек ете келіп, бұл реттегі ақмолалықтар міндетін саралады. Партияның халықтық тұжырымдамасын орындау, әлеуметтік бағдарламаларға басымдық беру, әлемдік қаржы дағдарысына төтеп берерлік мақсаттарды айқындау, білім, денсаулық, тұрғын үй құрылысы, сапалы су бағдарламаларын орындау сынды өзекті мәселелер өңірдің шешімін күткен мәселелері екендігін атап көрсетті. Алдағы уақытта сол тұрғыда іс- қимыл бірліктігін қамтамасыз етуге үндеді. ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты Майра Айсина білім беру, оқулықтар сапасын жақсарту, Бірыңғай ұлттық тестілеу мен мұғалімдер білім сапасын анықтауға бағытталған дау-дамайдың оң шешімін тапқанын жеткізді. Сонымен қатар денсаулық, мәдениет, спорт, еңбекпен қамту, зейнетақы турасындағы заңнамалық әрекеттерді баяндап өтті. Форумға қатысқан облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттар фракцияларының өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, сол бағыттағы атқарылар іс- шараларға талдау жасады. Басқосу қорытындысы бойынша халық қалаулылары әлемдік дағдарысқа қарсы тұруда ынтымақтастық пен бірлік танытуға шақырып, облыс тұрғындарына үндеу қабылдады.