Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың есімі берілді
Классикалық халық музыкасының танымал өкілдерінің бірі, суырып салма ақын, белгілі әнші - Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы кедей шаруа отбасында туған. Ол қазақтың атақты әнші-ақындары Арыстан, Орынбай, Шал ақын, Сегіз сері, Тезекбай, Шөже, Нұркей, Біржан сал, Ақан серілердің әндерін, айтыстарын ел арасында таратып, мынау Біржанның, мынау Ақанның домбыраны қолдарына алғандағы өз ырғағы, өз құлақ күйі деп, әрқайсысын өз әуезімен, өз әуенімен, сарынымен орындап бере алған.Үкілі Ыбырайдың халық арасында кең тараған «Гәкку» әні шығармашылығының шыңы болып табылады. Оның әндері нәзік, таза махаббат сезіміне, терең ойға толы.Туған елі Ыбырайды өз жүрегінде сақтап, кейбір әндерін халық әні деп, кейбірін әлдекімдікі деп алып қалған. Бұл күндері әндері өзіне қайтарылып жатыр. Міне енді Көкше топырағында дүниеге келген халық композиторы, бұлбұл әнші, суырып салма ақын Үкілі Ыбырайдың есімі Көкшетаудағы Ақмола облыстық филармониясына беріліп отыр.