Ақмола облыстық прокуратурасының араласуымен 450 миллион теңге жалақы берешегі төленді

None
КӨКШЕТАУ.Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық прокуратурасында өткізілген брифингте атап көрсетілгендей, жыл ішінде он мың адамның конституциялық құқы қорғалып, жұмыс берушілерден 450 миллион теңге жалақы қарызы өтелген,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық прокуратура баспасөз хатшысы Шынар Сансызбаеваның  айтуынша, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті осы уақытта еңбек заңдылығының сақталуын қадағалау мақсатымен 1 267 кәсіпорында тексеріс жүргізіп, 6 373 заңсыздықты анықтаған. Соған сәйкес 1 409 хаттама толтырылып,  бір миллион теңгеден астам айыппұл өндіріліп алынған. Алайда прокурорлық тексеріс көрсеткендей, осы уақытта  21 кәсіпорын 429 адамды жұмыстан шығарған. Он жұмыс беруші 2 595 адамды қысқартылған жұмыс уақытымен іске тартылуына жол берген. Айталық, «Степнгор подшипник зауыты» АҚ-ында 2 122 адам, «ҚазШпал» АҚ-ында-277, «Паралельсервис» ЖШС-інде 72 адам осындай халге душар болған. Өндірістің уақытша тоқтатылуымен 13 кәсіпорынның 600 жұмысшысы ақысыз демалысқа жіберілген. Департамент инспекторлары «Натурпродукт», «Нар-Ойл», «Енки» ЖШС-терінде  жалақы қарызын өтеп  алуға ықпал жасағанымен, серіктестік басшыларын жауапкершілікке тарту бағытында еш әрекет жасамаған. Осы тектес оралымсыздықтарға орай прокурорлық қадағалау нәтижесінде тиісті ұсыныс-хаттама толтырылған. Соның қорытындысы арнайы бақылауға алынатын болады.