Ақмола облыстық санэпидстансы департаментінің командасы бас жүлдені еншіледі

КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-«Достар" мәдениет үйінде мемлекеттік қызметкерлер арасында өткізілген аймақтық сайыста облыстық санитарлық эпидемиологиялық стансы департаментінің командасы бірінші орынды еншілеп, қошеметке бөленді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тілдер күні қарсаңында бірінші рет өткізілген облыстық байқауға аймақтың әр өңірінен 80-ге тарта үміткер қатысып, бақтарын сынады. Тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар арасындағы сайыс барысында әр үміткер тіл байлығын меңгеруін, грамматикалық біліктілігін көрсетуге тырысқан. Байқау бағдарламасына сәйкес 16 команда мүшелері өздерін таныстыру, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу, ресми тілде еркін сөйлеу, көркем әдебиеттен үзінді оқу, ән салудан өнерлерін көрсетті. Үй тапсырмасында мемлекеттік тілді қолдануға қатысты бейнетаспалар ұсынылды. Осылайша қазылар алқасының ұйғарымымен екінші орынды Ақкөл ауданының командасы жеңіп алды. Сондай-ақ қатысушылар арасында номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталып, сый-сияпаттар табысталды. Байқау өнер кешіне ұласты.