Ақмола облыстық соты Конституциялық кеңестің қарауына енгізген ұсынысынан бас тартты

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада Конституциялық кеңестің отырысы өтіп, онда Ақмола облыстық сотының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-ші бабын Конституцияға сәйкес емес деп табуына байланысты мәселе қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыстан соң осы мәселеге байланысты ақпарат құралдарының өкілдеріне түсініктеме берген Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Роговтың сөзіне қарағанда, аталмыш мәселенің Конституциялық кеңестің алдына қойылу себебі Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 484-ші бабы көлік құралдарын пайдалану мен жол ережесін бұзғаны үшін азаматтарға қосымша жауапкершілік жүктейді. Ал бұл Конституцияның 77-ші бабының 3-ші тармағының 2-ші тармақшасына сәйкес келмейді. Алайда Конституциялық кеңес отырысы ашылысымен ұсыныс иесі өзінің ұсынысынан бас тартты. «Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңес туралы» конституциялық заңының 21-ші бабының 3-ші тармағының 1-ші тармақшасына сәйкес ұсыныс иесі Конституциялық кеңес отырысы басталмай тұрып өз ұсынысынан бас тартуға құқылы. Бұлай болған жағдайда Конституциялық заңның 30-шы бабының 1-ші тармағының 1-ші тармақшасына сәйкес, Конституциялық кеңес істі қарауды тоқтатады. Ал ұсыныс иесіне екінші қайтара тап осы мәселе бойынша Конституциялық кеңеске ұсыныс енгізуге тиым салынады. Сөйтіп бүгін аталмыш мәселе Конституциялық кеңесте қаралған жоқ. Жоғарғы соттың, Үкіметтің және Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, облыстық соттың Конституциялық кеңеске мұндай ұсыныс енгізуі сот өкілдерінің Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 484-ші бабын дұрыс түсінбегендігінен орын алған. Өйткені облыстық сот ұсынысында көтерілген мәселелерді Конституциялық кеңестің араласуынсыз-ақ Жоғарғы соттың қаулысы негізінде шешуге болады.