Ақмола облыстық сотында қылмыстық және әкімшілік істердің 1 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған - семинар
Іс-шараға облыс судьялары, құқық қорғау органдары, адвокаттар алқасы мен мемлекеттік органдарының және БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарладыоблыстық соттың баспасөз қызметі.
Басқосуда облыс соттарында қылмыстық істердің мемлекеттік тілде қаралу сапасы туралы пікір алмасылды. Сонымен бірге облыс соттарында азаматтық істердің мемлекеттік тілде қаралу сапасы мен сот өндірісінде мемлекеттік тілдің қолданылмауының негізгі себептері, кіріс-шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде жазылу сапасы туралы мәселелер қарастырылды.
Өткізілген сараптамаға сәйкес облыс соттарындағы ағымдағы жылдың үш айында жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының кірісі 52,3 пайызды, шығыс құжаттары86,9 пайызды, ішкі құжат айналымы 94,4 пайызды құраған. Ал өткен жылы келіп түскен қылмыстық және әкімшілік істердің 1 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған екен.
Семинарға қатысушылар тіл саясатын жүргізу туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ тілдік қорға, аударма сапасына, тіл мәдениетіне, сот терминология мәселелеріне, ілеспе аударма жасаудағы ой тұтастығы мен жүйелілігіне назар аудару туралы түсініктер беріліп, тәжірибелік көмектер көрсетілді.