Ақмола облысы: 237 елді мекеннің атауы қайтарылып, 110 көшеге жаңа атау берілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ономастикалық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша 237 елді мекенге тарихи атаулары қайтарылып, 110 көшеге жаңа атау берілді. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, туристік саланы дамытудың жол картасын таныстыру және спорттық федерациялар құру мәселелері қаралған аппарат мəжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аппарат мəжілісінде Ақмола облысында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының үшінші кезеңі, яғни 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес негізгі төрт бағыт бойынша жүргізіліп келе жатқандығы жайлы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова баяндап берді.

Осы орайда, аймақ басшысы Мəлік Мырзалин мемлекеттік тілді дамыту жəне ауқымын кеңейту бағытында қазақ тілін балабақшада, мектепте, орта және жоғары оқу орындарында, сонымен қатар тілдерді оқыту орталықтарында оқытуды желтілдіру бойынша облыс əкімдігі жанынанкеңістік орган құру қажеттігін атап өтті.

Айта кету керек, биылғы жылы мемлекеттік тілді игеру көрсеткіші облыс халқының 71 пайызын құрады. Ал мемлекеттік тілде қағаз айналымы 98,5 жетті.

Ономастикалық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша 237 елді мекенге тарихи атаулары қайтарылса, 110 көшеге жаңа атау берілді.

Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейтудің екінші, Қазақстандықтардың тілдік мәдениетін көтерудің үшінші және Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамытудың төртінші бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттердің барлығы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» еңбегінде айтылған негізгі ойлармен орайлас жүргізілетін болады.

Бұдан кейін облыс әкімінің кеңесшісі Марат Иғалиев Ақмола облысында туризмді дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасы жобасын таныстырды.

Оның сөзінше, бұл жоба сегіз блоктан, 100-ден астам іс-шарадан тұрады. Осы бағытта ағымдағы жылы Астана қаласында «Visit Aqmola» маркетингтік кеңсесін ашу көзделген. Оған қоса, көктемде өңірде CityPASS Burabay бірыңғай туристік картасын енгізу сияқты көптеген шаралар қарастырылған.

Аппарат мəжілісінде қысқы Олимпиада ойындарына қатысушылар жайлы және Спорт федерациялары кеңесін құру жөнінде облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Наджежда Патюткина хабарлама жасап, мұның спорттың жекелеген түрлерін дамытуға септігіні тигізерін айтты. Осы орайда алда құрылатын федерациялар жайлы ақпарат берілді.