Ақмола облысы бойынша «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауының жартылай финалисі анықталды
Бұл туралы bala.turkvizyon.kz хабарлады.
Кезекті аймақтық іріктеу Көкшетау қаласында, Ақмола облыстық филармониясында өтті. Байқау дәстүрі бойынша, ресми тіркелуден кейін қатысушыларды ойындар, флешмобтар күтіп тұрды, ең бастысы - олар қазылар алқасының төрағасы, аймақ тәлімгері Кенталмен танысты. Жеңімпаздың болашақ тәлімгері әрі продюсері Кенталға ең үздік орындаушыны анықтауға танымал әнші әрі композитор Медеу Арынбаев пен Кенжебек Жанәбілов көмекке келді. Қатысушылар мен олардың жақындарына арнап Кентал «Халқым» атты хит әнін орындады, залдағы көрермен «Бірлік болсын әлемде, бірлік болсын елімізде!» деп бірге шырқады.
Қазылар алқасы кішкентай қатысушылар ішінен жеңімпаз деп Ақмола облысы Шортанды кентінің тұрғыны Айман Аманды таныды. Байқауға қатысуға Айман мен екі өнерпазды Шортанды ауданының мәдениет пен тілдер дамыту бөлімінің қызметкері Нұрайым Адалбекқызы арнайы алып келіпті.
Айман көп балалы үйден шыққан. Кішкентай інісі мен төрт сіңлісі бар. Қатысушы қазылар алқасын қазақ, орыс, француз тілдеріндегі вокалдық дайындығымен таң қалдырды. Барлығы өнерпаздың арнайы музыкалық білімінің жоқ екендігін білген соң өнеріне таң қалып, тума талант деп баға берді.
Ол үш жасынан ән айтады, үлкен сахнаға шығуды және актриса болуды армандайды. Бос уақытында волейбол, баскетбол ойнап, би билеп, сурет салғанды ұнатады. Мәдина Сәдуақасова, Қарақат Әбілдина және «КешYou» тобын үлгі тұтады. Тамыз айының ортасында Айман Аман басқа қатысушылармен бірге «Жұлдызды үйге» орналасады. Тәлімгері Кенталмен бірге Ұлттық іріктеудің жартылай финалына қазақ тілінде жаңа ән дайындайды.
16-17 қыркүйекте Астана қаласында кәсіби қазылар алқасы мен көрермендер «BalaTurkvizyon» байқауының Стамбул қаласында өтетін Гранд-финалында еліміздің намысын қорғайтын жеңімпазды анықтайды.