Ақмола облысы карантинді қалай еңсеріп келеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Биылғы жылы бүкіл әлем коронавирус инфекциясымен күресіп келе жатқандығы белгілі.

Індеттен көптеген адам ауырып, біраз адам көз жұмды. Осы ретте, Ақмола облысы карантинді қалай еңсеріп келеді, ҚазАқпарат тілшісі өңірдегі коронавирус жағдайына шолу жасап көрді.

Елімізде Төтенше жағдай 2020 жылдың 15 наурызында жарияланғаны белгілі. Ол кезде Ақмола облысында КВИ жағдайлары әлі тіркеле қойған жоқ еді. Сол кезде коронавирус инфекциясы туралы ақпараттарды тұрғындар әртүрлі қабылдады. Біреулер күмәнмен қараса, енді бірі сақтық шараларына көңіл бөлді. Дегенмен, сәуір айына қарай аймақта КВИ жұқтырғандардың саны арта бастады. Олардың басым көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі елді мекендердердің тұрғындары, науқас туыстарымен байланысты болғандар. Облыста коронавирустен қайтыс болу оқиғасы елорданың жанындағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тіркелді. Ал, ресми статистикалық мәлімет бойынша 9 сәуірдегі облыстың стационарларында 371 науқас, үй карантинінде 792 адам болды. 11 мамырдан бастап Ақмола облысында бірқатар карантин жеңілдіктері енгізілді. Өңір тұрғындарына міндетті түрде маска киіп, тұрғылықты жерінен 22:00-ге дейін шығуға рұқсат етілді. 21:00-ге дейін саяжайға бару үшін елді мекенге кіруге және шығуға рұқсат етілді, қоғамдық көлік сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Целиноград ауданының Қосшы және Қоянды ауылдарына жеңілдік болған жоқ. 14 маусымда Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина ақмолалықтарға жедел мәлімдеме жасады. Онда облыстың бас санитарлық дәрігері облыс орталығында КВИ-ге қатысты жағдай нашарлағанын айтты. Сондықтан 15 маусым күні сағат 20:00-ден бастап Көкшетау қаласының периметрі бойынша 7 блокпостың жұмысы қайта жанданды, азық-түлік және тұрмыстық химия өнімдерін сататын сауда объектілерінің, азық-түлік емес дүкендердің, спорт объектілерінің, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының жұмысы шектелді. 23 маусымда Ақмола облысында карантиндік шаралар күшейтілді. Көкшетау мен Степногор қалаларынан шығатын және кіретін блокпостарды орнатудан басқа, стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызу, скринингтер және кәсіби тексеру тоқтатылды. Көкшетау мен Степногордегі тамақтану объектілері жазғы алаңдарды қоспағанда, азық-түлікті жеткізуде ғана жұмыс істеді. Көкшетау мен Степногордегі автобус маршруттарының, автовокзалдар мен автостанциялардың қызметі тоқтатылды. Кейін індет өрши түсті. Өлім-жітім көбейіп, науқастардың саны артты. Маусым-шілде айларында ауру шыңына жетті. Өңірде инфекция жұқтырғандардың саны артты. Жедел жәрдем шақырып, аурухана жету үшін көп күту керек болды. Кейбір адамдар өз көліктермен науқас туыстарын ауруханаға жеткізуге тырысты. Біраз адам көз жұмды. Дәрігерлер соңғы күші сарқылғанша жұмыс істеді. Сонымен, қауіпті вируспен күреске ешкім дайын емес екені белгілі болды, демек, дәрі-дәрмектер, төсек-орын, қорғаныс құралдары, медициналық қызметкерлер жетіспей дәрігерлер де, науқастарда қиындыққа тап болды.

Кейін жағдай біршама тұрақтала бастады. Тек 18 қыркүйекте Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулыға бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, Ақмола облысы елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 23:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектейтін санитарлық постар алынды. Сондай-ақ, демалыс күндері 65 жастан асқан адамдарға шығуға рұқсат етілді. Қыркүйек айында КВИ жағдайы тұрақтанды. Көп ұзамай КВИ-дің екінші толқынына ауқымды дайындық басталды.

16 қазаннан бастап Ақмола облысында вирус жұқтырғандардың көп санының тіркелуіне байланысты шектеу карантиндік шаралары қайта күшейтілді. Тұрғындарға 23:00-ден 06:00-ге дейін қозғалыс шектелді, ойын-сауық мекемелерінің қызметі тоқтатылды, сауда үйлері мен азық-түлік емес дүкендердің жұмысы жұмыс күндері 19:00-ге дейін шектелді, демалыс және мереке күндері жұмыс істемеді. Жұмыс күндері базарлар 17:00-ге дейін ашылды, демалыс күндері де жұмыс істемеді. Азық-түлік дүкендері халыққа 09:00-ден 22:00-ге дейін қызмет көрсетті. Сол кезде өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ағымдағы жылдың маусым және шілде айларымен салыстырғанда жағдай салыстырмалы түрде тұрақты екенін, бірақ аурудың біртіндеп өсуі жүріп жатқанын атап өтті. Ол қыркүйектің аяғынан басталып, қараша айында індеттін биік шыңы болатыны болжанып отырғандығын атап өтті.

«Облыс аумағында қыркүйек айында коронавирус жұқтырудың 98 жағдайы тіркелді, оның 55-нің белгісі бар, 43-нің белгісі жоқ. Қазан айы әлі аяқталған жоқ, бізде 92 жағдай бар. Сіз тек салыстырып көрсеңіз. Қыркүйек айы бойы 98 жағдай тіркелсе, қазан айының 20 күнінде 92 жағдай болды!.... Есіңізде болсын, бізде 15 маусымда облыс бойынша 115 жағдай болды, ал 1 шілдеде, яғни 2 аптадан кейін 1200 жағдай болды! Егер біз қазір санитарлық талаптарды күшейтпесек немесе шектемесек, онда сол кездегі жағдай қайта орын алуы мүмкін. Ия, біз ауруханаларды дайындадық, дәрі - дәрмектер мен қажеттінің бәрін сатып алдық. Бірақ бұл арқаны кеңге салуға болады дегенсөз емес», - деген болатын спикер.

Ауырғандар саны бойынша Көкшетау қаласы көш бастап тұр. КВИ-дің алғашқы толқынында жұмыс істеген үш зертхананың саны алтауға жеткізілді. Жаңа жабдық коронавирустің белгілерін тез анықтап, уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді.

7 қарашада карантин шараларын қатаңдату туралы кезекті қаулы күшіне енді. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз деп бағаланды. Ақмола облысының елді мекендерінің аумағында тұрғындардың жүріп-тұруына 21:00-ден 6:00-ге дейін, азық-түлік дүкендерінің жұмыс режиміне 09:00-ден 20:00-ге дейін, такси қызметтерінің жүріп-тұруына 21:00-ден 06:00-ге дейін, адамдардың үйлеріне 21:00-ге дейін жетуі үшін барлық кәсіпорындардың қызметіне 19:00-ге дейін шектеу енгізілді. Қоғамдық көлік сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеді.

5 қараша. Осыған байланысты Көкшетау қаласының периметрі бойынша алты санитарлық бекет орнатылды. Бұл термометрияны қолдана отырып, келетін және кететін азаматтардың денсаулық жағдайын бақылауға, сондай-ақ барлық сырқаттанған және байланыста болған адамдардың деректері енгізілетін арнайы қосымшаның арқасында карантиндік режимдерді бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді.

13 қарашадан бастап Ақмола облысы карантиндік шаралардың жаңа қатаңдатылуын күтті. Жаңа қаулының басты айырмашылығы ПТР әдісімен COVID-19 тестілеуінің теріс нәтижесі бар анықтамасыз Ақмола облысында тұрмайтын адамдардың Көкшетау қаласының карантиндік аймағына кіруіне тыйым салу болды. Анықтаманың қалаға келер алдында үш күн бұрын жасалуы талап етілді. Алайда, ақмолалықтарға облыс бойынша жүріп-тұруға мұндай анықтамалар қажет болмады.

18 қарашада Ақмола облысында КВИ ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтандырылып келе жатқандығы байқалды. Өңір індеттін таралу қаупі бойынша «жасыл аймаққа» өтті. 11-17 қараша аралығында COVID-19 жұқтырудың 258 жағдайы тіркелді (100 мың адамға шаққанда – 35), өткен аптада – 271 жағдай (100 мың адамға шаққанда 36,7). Яғни, 1,05 есе төмендеді, ал өсімі көрсеткіші 0,9 пайыз болды. Кезекті қаулыға бірқатар өзгерістер енгізілді. Оның ішінде азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат 7:00-ден 20: 30-ға дейін ұзартылды. Сауда-ойын сауық орталығының, сауда объектілерінің, азық-түлік емес дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың қызметі жексенбі күні жұмысқа тыйым салуды сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10:00-ден 20:30-ға дейін ұзартылды. Бес күннен кейін облыс «қызыл» аймаққа өтті.

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, 28 қарашадан бастап Көкшетау мен Степногор қалаларына шығуға және кіруге тыйым салынды. Көп ұзамай Көкшетау қаласына Зеренді ауданының және жақын маңдағы елді- мекендердің тұрғындарына «Stopcorona» сайтында жұмыс орнын көрсете отырып және кіру қажеттілігінің себебін растай отырып, кіруге рұқсат етілді.

4 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста 905 инфекциялық және 84 реанимациялық төсегі бар 12 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Қосымша 14 резервтік стационар, яғни 990 инфекциялық төсек орын және 103 реанимациялық төсек орын жабдықталған. Облыстың медициналық ұйымдарында 425 ӨЖЖ аппараты бар, оның 203 портативті. Бұдан бөлек, 1000-нан астам пульсоксиметр, 50 оттегі баллоны, үш оттегі станциясы сатып алынды. Жедел медициналық көмек машиналары паркі толықтай жаңартылды.

Кейін облыс «сары» аймаққа өтті. Көкшетау мен Степногор маңындағы санитарлық постар 12 желтоқсан сағат 00:00-ден бастап алынды. Барлық тұрғындарға, әсіресе 65 жастан асқан адамдарға, енді қажет болмаса, 23:00-ден 06:00-ге дейін тұрғылықты жерінен кетпеу ұсынылады. 16 желтоқсанда Ақмола облысында сауда үйлері мен орталықтарының, сондай-ақ базарлардың жұмысына бірқатар жеңілдіктер енгізілді.

Қазіргі кезде облыс «сары» аймақта. Ақмола облысында бүгінгі күні барлығы 6573 КВИ ауруы тіркелген, оның ішінде 59 – ы соңғы тәулікте. 92 адам қайтыс болды. Жағдайдың одан әрі қалай дамитынын уақыт көрсетеді. Дегенмен, облыста санитарлық талаптар әлі де ерекше бақылауда. Өңірде коронавирус инфекциясының таралуына қатысты жағдай тұрақты.