Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы 15 млн теңге пара алды деп күдіктелуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы» ММ басшысына қатысты ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы ҚазАқпарат Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Шенеунік 2019 жылдың мамыр - қазан айлары аралығында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмола облыстық өлкетану мұражайы мен М.Ғабдуллин атындағы мұражайдың экспозициясын жаңарту бойынша орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден бірнеше рет жалпы сомасы 15 млн теңге мөлшерінде пара алды деген күдікке ілініп отыр», - делінген хабарламада.

28 қазан күні параның қалған 5 млн. 700 мың теңге сомасын алу кезінде күдікті қылмыс үстінде ұсталып, Көкшетау қ. ПБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде.

Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайтын болады.