Ақмола облысы мен Астана аумағында жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесі бойынша ілкі жоба іске асырылады-Т. Мұсабаев

АНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылдан бастап Ақмола облысы мен Астана аумағында жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесі бойынша ілкі жоба іске асырылады.

Бұл туралы бүгін Астанадағы «Ғарыш адамзаттың игілігі үшін - болашаққа көз салу» атты халықаралық конференция барысында болған брифингте Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев айтты.

«Жақын арада елімізде жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесі пайда болады. Біз қазіргі кезде осы жүйені құрудамыз»,-деді Т. Мұсабаев. Биыл бастапқы жұмыстар іске асырылатынын және алғашқы 10 дифференцияланған стансаны орнату шаралары басталатынын айтқан ол; «Бұл Ақмола облысы мен Астана қаласындағы ілкі жоба болады. Ал алдағы уақытта бұл жүйе Қазақсанның барша өңіріне таралады»,-деді. Осы орайда ол бұл жоба бойынша жұмыстар Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапкершілігінде екенін атап өтті.

Сонымен қатар «Қазақстан Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның президенті Ғабдуллатив Мырзақұловтың айтуынша, бұл жобаны өткен жылдың желтоқсанынан EATS атты неміс фирмасы іске асыруды бастаған көрінеді. Жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі - 8 жылға созылмақ. Атап айтқанда, алғашқы 10 станса биылғы жылдың ортасына дейін іске қосылады деп күтілуде. Бұл ілкі жоба Ақмола және Алматы облыстарында іске асырылады, сондай-ақ осы жүйе толығымен 2012 жылдың аяғына қарай пайдалануға берілмек.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан аталған конференция жұмысына Қазақстанның, Ресейдің, Францияның, Германияның, Украинаның, Жапонияның ұлттық ғарыш агенттіктерінің, ғарыш саласындағы кәсіпорындарының, конструкторлық бюроларының, жоғары оқу орындары мен академиялық институттарының және ғылыми ұйымының өкілдері қатысуда. Конференция жұмысы «XXI ғасыр зымыран-ғарыштық техникасы және ғарыштық технология», «Ғарыштық ғылыми зерттеулер және эксперименттер», «Ғарыштық материалтану және аспап жасау» атты тақырыптардағы үш секцияда өтеді.