Асыл тұқымды шаруашылық (репродукторлар) желісін құру бағытындағы инвестициялық жоба бойынша Австралиядан сатып алынған 407 бас «ангус» тұқымды бұзау Ақмола облысының Ақкөл ауданы Азат ауылындағы "SC Food" ЖШС-ға әкелінді, деп хабарлайды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметі.
Бұл - аталған бағыт бойынша Австралиядан жеткізілген тұңғыш етті бағыттағы ірі қара тұқымы. Табиғатынан тез ет алатын 7-8 айлық бұзаулардың қазіргі салмағы 220-250 келі.
Жобаның жалпы құны - 3 млрд. теңгеге жуық. Оны жүзеге асыру үшін шаруашылыққа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 12 жыл мерзімге 2 млрд. 200 млн.теңгеден астам несие беруді мақұлдады. Ал қаржының қалған бөлігі құрылтайшылардың өз қаражаты есебінен төленеді. "SC Food" серіктестігі бұл жобаны Мемлекет басшысының еліміздегі етті мал бағытын арттыру жөніндегі тапсырмасына орай, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы бойынша жүзеге асырып отыр. Жақын уақыттары "SC Food" ЖШС- Америка Құрама Штаттарынан қосымша 570 бас тайынша мен 50 бас аталық бұқа жеткізбек.
"SC Food" ЖШС-ның бас директоры Мақсұт Бақтыбаев атап өткендей,Бүгінгі күні елімізде «ангус» тұқымын өсіретін санаулы шаруашылық қана бар. Біздің мақсатымыз олардың санын арттыру. Себебі «ангус» тұқымы солтүстік климатқа бейім, өсімтал. Әрі оның еті әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Сондықтан біз австралиялық бағыттағы асыл тұқымды ірі қараны таңдадық, өйткені ондағы мал басы арзан әрі тасымалдайтын бір ұшақ рейспен бірден 400 бас жеткізуге болады. Бұндағы тасымал құны да біздің көңілімізден шықты.
Ұшақ арқылы Австралиядан Ақмола облысына жеткізілген бұзаулар шаруашылықтағы шарбақ қоршауларға жіберілді. Бір айлық карантиннен кейін бұзаулар осы жерде қыстайтын болады. Серіктестік басшысының айтуынша, шаруашылық қарамағындағы ірі қараға бір жарым жылдық жемшөп қоры жеткілікті мөлшерде әзірленген. Бүгінде мал күтімімен 40-қа жуық адам айналысады. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар, дейді аудан басшысы.
«Біз бұл шаруашылыққа мал ұстайтын жерді арнайы Азат ауылының маңынан бөлдік. Ондағы мақсат - жаңа шаруашылыққа ауыл тұрғындарын тарту, әрі оларды қосымша жұмыспен қамту болды. Бұған қоса, бұл аудан көлемінде «ҚазАгро» холдингі тарапынан қаржыландырылған етті бағытты дамытуға арналған алғашқы жоба», - дейді Ақмола облысы, Ақкөл ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев.
Шаруашылық 5500 басқа арналған, оның 2400-і аналық сиыр болса, 100-і аталық бұқа, қалғаны тайынша-торпақ болмақ. Серіктестік болашақта аналық сиырлар мен бұқаларды өздерінде өсіріп, кейіннен оны облыстағы шағын шаруашылықтардағы мал басын асылдандыру үшін сатуды көздеп отыр.