Ақмола облысына оқулықтар 10 тамызға дейін толық жеткізіледі - Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлтаир Ахметов 2015-2016 оқу жылына оқулықтарды сатып алу жөніндегі жағдайды талдау мақсатында Ақмола облысына барды, деп хабарлайды ҚР БҒМ сайтында.

Ақмола облысында Әлтаир Ахметов әкімдермен және экономика, қаржы және білім басқармаларының басшыларымен; оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік ететін білім бөлімдерінің басшыларымен; шарт жасалған көлік қызметінің жабдықтаушыларымен және ата-аналармен кеңейтілген жиын өткізді. Жиын барысында оған қатысушылар өңірде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешенді жеткізу бойнша ағымдағы жағдайды талқылады.

2015 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша Ақмола облысында барлық білім бөлімдері, сонымен бірге Ақмола облысының білім басқармасы оқулықтар мен ОӘК-ді сатып алуға оқу әдебиеттерін жеткізетін жабдықтаушылармен және баспалармен шарт жасасты. Жалпы облыс бойынша жеткізу пайызы 78%-ды құрайды. Қорғалжын, Целиноград, Астрахань, Шортанды, Егіндікөл, Жақсы аудандары мен, Степногор қаласында оқулықтар мен әдістемелік әдебиетті жеткізу бойынша барлық міндеттемелер 100% орындалды.

Қалған аудандарда да оқулықтарды жеткізу бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде. Бұланды ауданы аудан мектептеріне оқулықтар мен ОӘК-ті 97%, Есіл ауданы - 96,3%, Атбасар ауданы - 94%, Енбекшілдер ауданы - 88,4%, Аршалы ауданы - 87%, Жарқайын ауданы - 51% және Бурабай ауданы - 50% жеткізді. Бүгінде Ерейментау және Зеренді аудандарында оқулықтарды білім беру ұйымдарына жеткізу басталған жоқ. Оқулықтарды жеткізу 10 тамызға дейін жоспарланды. Оқулықтарды сатып алу мен жеткізуді қаржыландыру мәселесі Ақмола облысында толық көлемде шешілді.