Ақмола облысына Солтүстік Ирландиядан «Герефорд» және «Ангус» тұқымды 566 бас ірі қара жеткізілді

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Луговое ауылындағы «АКА» ЖШС-іне Солтүстік Ирландиядан «Герефорд» және «Ангус» тұқымды 566 бас жоғары өнімді мүйізді ірі қара жеткізілді.

Бұл ақпаратты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның баспасөз қызметі таратып отыр.

«АКА» ЖШС-нің құрылтайшысы Қуанышбек Ахмединнің атап өтуінше, асыл тұқымды мал шаруашылығының толық циклін жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылдың қараша айында тағы да 250 бас мүйізді ірі қара малын жеткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жеткізілген малдар жергілікті ауа райына бейімделіп, оқшаулау кезеңінен жақсы өтуде.

Естеріңізге сала кетейік, «АКА» ЖШС-інде асыл тұқымды репродуктивті шаруашылығын құру жобасы ағымдағы жылы қолға алынған болатын. «ҚазАгро» АҚ-ның еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы асыл тұқымды сиырлар, ауыл шаруашылығы техникаларын, құрал-жабдықтар сатып алу үшін 561,6 млн. теңге бөлген-ді. Несие желісінің сыйақы ставкасы жылына 6 пайызбен 12 жылға берілді.

Репродуктивті шаруашылықтар құру мақсатында елімізге жеткізілген мүйізді ірі қаралар негізінен «Герефорд» және «Ангус» тұқымдарына жатады. Бұл тұқымдар еліміздің ауа райына өте жылдам бейімделгіш болып келеді.

Асыл тұқымды мал шаруашылықтары желісін құру инвестициялық бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы 6 шаруашылықты 6410 млн. теңгеге қаржыландырып отыр.