Ақмола облысында 1476 адам «Спутник Лайт» вакцинасымен ревакцинацияланды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Pfizer вакцинасының алғашқы компонентін 7016 адам салдырды, оның ішінде 158 жүкті әйел, 1764 бала емізетін әйел және 5094 жасөспірім бар.

Бұл туралы Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықовтың қатысуымен өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, егу науқаны басталғаннан бері өңірмен бес вакцинаның бірінші компонентінің 377790 дозасы алынды, 342909 адам егілді, бұл тиісті халықтың 71,5 пайызы, халықтың жалпы санының 46,7 пайызын құрады. Екінші компонентпен 318009 адам егілді, бұл да тиісті халықтың 66,3 пайызы, халықтың жалпы санынан 43,2 пайызын құрады.

«Pfizer вакцинасының бірінші компонентінен аймаққа 99045 доза жеткізілді, 7016 адам егілді, оның ішінде 158 жүкті әйел, 1764 бала емізетін әйел және 5094 жасөспірім. Екінші дозада 3789 адам егілді. Вакцинаға жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ», - деп атап өтті А.Мусина.

2021 жылғы 22 қарашадан бастап өңірде барлығы 63786 адам ревакцинация алды, оның ішінде 1747 ақмолалыққа Комирнати вакцинасы егілді (853 медицина қызметкері және 60 жастан асқан 780 адам).

Н.Сыздықов айтып өткендей, жақында аймаққа «Спутник Лайт» вакцинасымен 1476 адам қайта вакцинацияланды.

«Жалпы, облыс «Спутник Лайт» вакцинасының төрт мың дозасын алды. Бүгінгі күні 1476 адам қайта вакцинацияланды, олардың басым бөлігі Көкшетауда – 564. Вакцинация және ревакцинация аурудың барлық ауыр зардаптарынан және ауруханаға жатқызудан сақтандырады», - деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.