Ақмола облысында 2014 жылға дейін балабақша мәселесі шешімін табады

КӨКШЕТАУ. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/- Елбасының Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдағы онжылдықта барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатындығы атап көрсетілген.

Ақмола өңірінде бұл мәселе 2014 жылға дейін шешімін таппақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолдауда белгіленген міндеттерге орай, 2010-2015 жылдары мемлекеттік қаржы есебінен 1510 орындық 34 балабақша, облыстық бюджет арқылы 38 мектеп жасына дейінгі мекеме, жалпы білім беретін мектептер жанынан 101 шағын балабақшалар ашу көзделіп отыр. Бүгінде аймақта жүз мектеп жасына дейінгі мекемеде 12 мың 39 балғын тәлім-тәрбиемен қамтылса, әлі де 12 234-і өз кезегін күтулі. Тек Көкшетау қаласында 6 375 бала, Степногорда -1 374, Щучьеде - 800, Атбасарда - 705 сәби кезекке қойылған. Жалпы облыс бойынша балғындардың 41,5 пайызы мектеп жасына дейінгі тәрбие ісімен қамтылып отырған көрінеді. Бұл ретте Аршалы, Жарқайың, Жақсы, Егіндікөл аудандарында өзекті мәселе шешімін тауып келеді. Алдағы үш жылда жекеменшік алты бала бақша ашу көзделуде. Оларда 300 жеткіншек орналаспақ. Бұл турасында Көкшетау қаласында, Аршалы, Бурабай, Целиноград аудандарында жобалау жұмыстары қолға алынған.