Ақмола облысында 2023 жылға арналған басты міндеттер белгіленді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 12 желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, кеңесте инфрақұрылым саласына ерекше назар аударылды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың негізгі міндеті - халықпен тікелей жұмыс жасау. Жылыту маусымының басында бірқатар қиындықтар болды. Бурабай, Атбасар аудандарында температуралық режимнің бұзылуы тіркелді. Степногор қаласында жылу көздері мен жылу желілерінің 50 пайыздан астамы тозған. Барлық қабылданған шараларға қарамастан, назар аударатын мәселелер бар», - деді Ермек Маржықпаев.

Кеңесте айтылғандай, аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облыстың барлық елді мекендері қамтылған, сондай-ақ, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу үшін қажетті тіршілікті қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Жол картасы жасалды. Онда әр аудан бойынша барлық тәуекелдер көрсетілген.

Агроөнеркәсіптік кешенде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту және жалпы саланы әртараптандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Сондай-ақ нақты орындау мерзімдері бар тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау объектілері бойынша құрылыс индикаторларын әзірлеу қажет.

Әлеуметтік саланың басым мәселелері де белгіленді.

«Алдағы бірнеше жылда оқушы орындарының тапшылығы мен мектептерде үш ауысымды оқыту мәселесін толығымен шешу, ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамтуды барынша арттыру, сол арқылы әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу көрсеткіштерін жақсарту және дәрігер кадрлардың тапшылығын азайту, әрбір елді мекенде спорт және мәдени нысандардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті облыс әкімі.

Осы ретте, аймақ басшысы жетекшілік ететін бағыттар бойынша сайлауалды бағдарламаның тармақтарын мұқият талдауды тапсырды.

Айта кетсек, Ақмола облысының әкімі Көкшетау тұрғындарымен кездесті.