КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында есірткі саудасымен айланысқан күдіктілерден 1,5 келі есірткі тәркіленді. Бұл - ақшамен есептегенде 24 миллион теңге. Бұл туралы Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мейрам Жабасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысының тұрғыны, 37 жастағы ер адам және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны - 58 жастағы әйел ұсталды.
Олардан 1 килограмм 400 грамм «героин» тәркіленді. Бұл - бір реттік бес мың доза.
«Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3 бөлігі бойынша (есірткі затын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған) қылмыстық іс қозғалды», - деді Мейрам Жабасов.
Күдіктілер мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі кезде күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.