Ақмола облысында 25 елді мекенді су басу қаупі бар

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда. Өңірдің 25 елді мекенінде су басу қаупі жоғары деңгейде.

Бұл туралы Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшысының айтуынша, аймақта су тасқынына дайындық шаралары өткен жылдың жазында басталды.

«2021 жылғы 25 мамырдағы инженерлік қорғау бойынша жоспарға сәйкес, 53 елді мекенде 35 шақырым су бұру арналарын абаттандыру және тазалау, сондай - ақ 22 шақырым өзен арналарын тазарту, нығайту, топырақ үйінділерінен бөгет тұрғызу, 10,9 шақырым бөгетті жөндеу, 47 су өткізу құрылыстарын орнату және жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, қазіргі таңда ауа райы жағдайына байланысты 4 060 адам тұратын 25 елді мекенде су басу қаупі жоғары деңгейде», - деді Нұрлан Атығаев.

Ведомство басшысы атап өткендей, ықтимал төтенше жағдай кезеңіне облыста 1,6 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.

«Аудан әкімдіктері тарапынан өңірлерде 246 тонна жанар-жағар май, 17,2 мың тонна инертті материалдар, 76,8 мың қап дайындалды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Облыстың елді мекендерінен 526 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қар қорын құру және шығару жұмыстары жалғасуда», - деп департамент басшысы.

Сонымен бірге, гидротехникалық құрылыстарды су тасқыны жұмыстарына дайындау бойынша жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Астана, Сілеті және Шағалалы су қоймаларының режимін реттеуге ерекше көңіл бөлініп отыр.

«Су тасқыны бола қалған жағдайда ТЖД жеке құрамынан 445 адам, 84 техника, 12 жүзу құралы, 97 мотопомпа жұмылдырылатын болады. Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда ТЖД күштері мен құралдарын көшіру жоспарлануда. Сондай - ақ, басқа облыстардан көмек күші тартылады», - деп түйіндеді Нұрлан Атығаев.