«Тұмаудың алдын алудың ең ұтымды жолы – вакцинация. Халық арасында тұмаудың жаппай таралуын болдырмау және организмде «иммундық қабат» құрылуы үшін жалпы халықтың кемінде 10 пайыз екпе алуы қажет. Вакцина тұмауға қарсы иммунитеттің жоғары деңгейін қалыптастырады. Қазірдің өзінде 27681 мың ақмолалық тұмауға және маусымдық ауруларға қарсы екпе алды, оның 2672-і 2-10 жас аралығындағы балалар. Сонымен бірге, жабық үлгідегі мекемелерде (балалар үйі, мектеп интернаттары, балаларға/мүгедектерге арналған интернаттар) – 158 адам, 98 – жүкті әйел, қарттар мен мүгедектер үйлерінің контингенті – 758, созылмалы аурулары бар ересектер – 8322. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасуда», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Дәргерлердің айтуынша, вакцинациядан кейінгі қорғаныс әсері, әдетте, 8-12 күннен кейін пайда болып, 12 айға дейін сақталады. Адамның жас ерекшелігіне қарай вакцинациядан кейін тұмау вирусына қарсы антиденелердің қорғаныс титрлерінің деңгейі 75-95 пайызды құрауы тиіс.
«Облыста есепте тұрған 73138 адамның барлығы да екпе алуы тиіс. Бұл созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері және жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер, жабық мекемелердегі адамдар», – деп толықтырды басқарманың баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, Ақмола облысында тұмауға қарсы 73138 доза «Гриппол Плюс» вакцинасы сатып алынған еді. Бұл мөлшер облыс халқының тек 9,8 пайызына жетеді. Өңірде бұл вакцина 5 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді.