Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айының басында Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Дмитриевка ауылында үш адам аса қатыгездікпен өлтірілген болатын. Осы қылмысқа күдікті деп 2000 және 2001 жылдары туған екі жасөспірім ұсталды. Тергеу амалдары барысында анықталғандай оқиға түннің бір уағында болған. Ішімдік ішіп алған күдіктілер көршілерінің үйіне барып, 1951 жылы және 1984 жылы туған əкесі мен ұлын жəне тағы бір адамды балтамен ұрып өлтірген. Оған қоса, көшеде тұрған көлікті бүлдіріп, айдап әкеткен. Осыған байланысты 2000 және 2001 жылдары туған екі жасөспірімнің үстінен қылмыстық іс қозғалып, үш адамды өлтіріп, ұрлау, тонау және жеке құжаттарды ұрлау әрекеттері бойынша айып тағылған болатын.
Бүгін Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Серік Баймағамбетов 2000 жылғы А.Эрбеске 12 жыл жəне оның сыйбайласы 2001 жылғы М.Нейштетерге 11 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сонымен қатар, ҚР ҚК 81 бабы бойынша үкім шығарған судья жасөспірімдерге берілетін жаза көлемі 12 жылдан аспау керектігін атап өтті. Алайда, жәбірленуші тарап ауыр қылмыс жасағандар үшін 12 жыл аз деп отыр.