Ақмола облысында 30 әлеуметтік нысанда қалыпты температура сақталмауда

КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының деректеріне сәйкес өңірдегі 14 жалпы білім беретін мектеп пен 16 денсаулық сақтау нысанында қалыпты температура сақталмауына байланысты тиісті хаттамалар толтырылған,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі басқарма баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішінара жүргізілген тексеріс барысында Көкшетау мен Степногор қалаларында, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Зеренді, Жарқайың, Ерейментау, Сандықтау аудандарында әлеуметтік нысандардың жылу температуралары санитарлық талапқа сай еместігі анықталған. Бұл ретте Бурабай ауданында «Бөбек», «Одуванчик» балалар бақшаларында, мектеп-интернатта, «Шұғыла» шағын орталықта, төртінші мектепте, ал Шортанды ауданында кәсіптік техникалық училище, Жолымбетте нөмірі 1-ші және 2-ші орта мектептерде, Новосельский орта мектебінде жағдай сын көтермейді. Санитарлық қадағалау мекемесі өз тарапынан хаттама толтырып, лауазым иелеріне бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салған.